Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Баласын әркімнің қолына тастап, өзі Оңтүстік Кореяға кеткен қызылордалық әйел аналық құқығынан айырылады ма?

Баласын әркімнің қолына тастап, өзі Оңтүстік Кореяға кеткен қызылордалық әйел аналық құқығынан айырылады ма?

Kyzylorda-news.kz. Қызылордада 8 жасар баласын некесіз күйеуіне тастап, өзі шетелге жұмысқа кеткен әйелді аналық құқығынан айыруға қатысты сот отырысы өтті.
Бүгін Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала тұрғыны Людмила Цойды аналық құқығынан айыру және алимент өндіру туралы азаматтық іс қаралды. Сот қалалық білім бөлімі жанындағы қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның талап арызы бойынша жүргізілді.
Аналық құқығынан айырылудың сәл алдында тұрған Людмила Цой бұған дейін ешкіммен некеде тұрмаған. Қырық жастағы әйел бұл сот отырысына қатысқан жоқ. Себебі, ол қазіргі таңда Оңтүстік Корея мемлекетіне жұмысқа кеткен. Баласынан безген ана 2011 жылы туылған Владик есімді баласын «Сабалақ» саяжайында тұратын Константин есімді азаматқа тастап кеткен.
«Қазіргі таңда анасының нақты қайда екені белгісіз. Ол екінші рет тұрмыс құрған және сол адаммен заңды некеде тұрады. Людмиланың енесінің айтуы бойынша ол екі қызымен Оңтүстік Корея Республикасына жұмыс іздеп кеткен. Оның тағы үш баласы бар. Алайда үлкен баласы туралы, оның кім екендігі жөнінде еш мағлұмат жоқ», – дейді қалалық білім бөлімі жанындағы қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның маманы.
Сот барысында белгілі болғандай, жауапкердің 4 емес, 5 баласы бар болып шықты. Мұны 8 жасар Владиктің әпкесі, сотқа қатысушы Виктория Цой растады.
«Владик менің інімнің баласы. Бастапқыда анам мұны қабылдағысы келмесе де, інім мен Людмиланың бірге тұруына қарсы болмады. Кейін жұптары жараспаған соң, қайта айрылысып кетті. Бірақ екеуі заңды некеге тұрмаған. Біраз уақыттан соң анасы Владикті бізге тастап кетті. Өзім хабарласып, оны алып кетуін сұрадым. Себебі бала анасын іздеп мазасыздана бастады. Бір алып кеткен соң, 2015 жылдың желтоқсан айында ешкімге ескертпестен есік алдына тастап кетті. Баланы қайта әкеп тастайтындығы жөнінде біз білген жоқпыз. Людмиланың қазір 5 баласы бар. Ол өзі Қармақшы ауданы ІІІ Интернационал ауылында дүниеге келген. Үлкен ұлы мен менің інім Владикті сол ауылда босанған», - дейді Владиктің әпкесі Виктория Цой.
Жауапкер өзінің кіші қыздарын өзімен бірге алып кеткен деседі. Ал тағы бір қызы қала аумағында болса, үлкен ұлы туралы нақты ақпарат жоқ. Ал сот ісіне түрткі болған Владик есімді балақай уақытында мектеп табалдырығын аттамаған. Баланың әкесі Константин Ким өткен жылдың мамыр айында қайтыс болған. Сол уақытта бала қараусыз қалып, оның жағдайы туралы көршілері хабарлаған. Оны тапқан тәртіп сақшысы баланың табылған уақыттағы түр-сипаты адам шошырлық екенін жасырмады.
«Сабалақ» саяжайының Орынша есімді тұрғыны көршісінің баласы туралы хабарлады. 2019 жылдың 14 мамырында баланы іздеп бардық. Біз баланы арық ішінде ойнап отырған жерінен таптық. Шынында, баланың түрі адам шошырлық. Шашы иыққа дейін өсіп кеткен. Осыдан кейін көршілерден сұрастырып, баланың анасы тастап кеткендігі және әкесі 9 мамыр күні қайтыс болғандығы жөнінде білдік. Өзіміздің міндетімізге сәйкес, баланы алып, қалалық білім бөліміне апардым. Бұл мекемеден баланың ешкімі жоқтығы жөнінде қаулы алып, қалалық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырдым», – дейді қалалық жергілікті полиция бөлімінің қызметкері Жасұлан Асылбеков.
Мамандардың айтуынша, баланың дамуы тежелген. Ол дұрыс сөйлей алмайды.  
«Расымен баланың дамуы тежелген. Ол сөйлей алмайды. Мектепке бармаған. Балаға «Психикалық даму бөгелісі» диагнозы қойылған. Мамыр айында орталыққа келіп, баламен жұмыс жүргізілді. Сонан соң өткен жылдың қазан айына дейін облыстық балаларды оңалту орталығында ем қабылдады. Қазан айынан бастап бала мектеп табалдырығын аттады. Қазіргі таңда Владик Нағи Ілиясов атындағы №9 мектеп-гимназиясының бірінші сыныбында оқиды», - қалалық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының педагог-психолог Әсем Бекманбетова.  
Сотта жауап берушіге қатысты дәлелдер толық болмағандықтан және оның балаларына қатысты деректер әлі де зерттеуді қажет ететіндіктен іс кейінге, яғни 28 қаңтарға қалдырылды.
Динара МАХАНОВА


15 қаңтар 2020 ж. 273 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области