Балабақшаға мемтапсырыс орналастыру құқығы ата-анаға беріледі
Kyzylorda-news.kz. Балабақшаға мемлекеттік тапсырысты орналастыру құқығы ата-анаға беріледі. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта 10 583 мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде жекеменшік 3 809 балабақша (36 пайыз) жұмыс істейді. Бұл 2018 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 520 бірлікке көп және ол жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар желісінің артқандығын дәлелдейді. Мектепке дейінгі ұйымдармен 892,2 мың бала, оынң ішінде жекеменшік балабақшамен 351,1 мың бала қамтылған. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, білім берудің барлық деңгейіне, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен білім деңгейіне арналған білім беру қызметтерін тікелей алушылардың дербестендірілген қаржыландыруға көшіру көзделген», - деп атап өтеді Үкімет басшысы
Премьер-Министрдің айтуынша, осыған орай Білім және ғылым министрлігі Мемлекеттік тапсырыс орналастыру ережесіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жұмысын жүргізіп жатыр.
«Атап айтқанда, мектепке дейінгі ұйымға мемлекеттік тапсырыс орналастыру туралы шешім қабылдау барысында бұл құқықты ата-анаға беру жоспарланған. Бұл «әр балаға қаражат» принципін жүйзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді Асқар Мамин.