Қызылордада ассенизатор иелері кәріз суларын төгуін тоқтатпай отыр

Арызда «Nomadas», «Марал Нур», «Арлан-Транс» ЖШС-нің, «Пассажирские перевозки» және «Вагонсервис» АҚ-ның жолаушылар вагондары тұрағының паркі Қызылорда қаласының 15 шақырымында Белкөл станциясының аумағында орналасқандығы, сол аумақтағы жер бедеріне күн сайын белгісіз жеке тұлғалар ассенизатор көліктерімен ағынды лас суларды төгіп кететіндігі айтылған.
Сондай-ақ, лас сулардың төгілуі салдарынан жағымсыз иіс шығып, ыстық ауа райы кезінде желдің ағымымен сол иіс вагондар орналасқан аумаққа келетіндігі және жолаушылар вагондарына қызмет көрсететін қызметкерлердің жағымсыз иіс салдарынан тыныс алудың қиындайтындығы баяндалып, шара көруді сұраған.
Аталған мәселеге қатысты маусымың 3-і күні Департамент қызметкерлері және «Nomadas» ЖШС-і өкілдерінің қатысуымен арызда көрсетілген орында кездесу ұйымдастырылды.
Осы бағытта зерделеу жұмыстары, жер бедерінен және атмосфералық ауа сынамалары алынып, зертханалық талдамалар жүргізілді.
Өткен аптада мәселені түпкілікті шешу бағытында, Белкөл кентінде департамент басшысы, қала әкімдігінің басшылығы мен қалалық «NurOtan» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі, қалалық мәслихат депутаттары, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің Қызылорда филиалы жетекшісі, мемлекеттік мекемелер мен өзге де кәсіпорындардың басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің қатысуымен арыз мәтінін қарады.
Орын алған келеңсіздіктің тек қоршаған ортаны ластап қана қоймай, адам денсаулығына да үлкен зиян келтіретіндігі айтылды. Осы ретте, мәселені толығымен шешілуі мақсатында қалалық мәслихаттын кезекті сессия отырысының күн тәртібіне енгізу туралы тұжырым жасады.
