МОЛ СУДЫ ШЫҒЫНСЫЗ ӨТКІЗУ МЕН ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ АЙТЫЛДЫ
Бұл мәселе «QYZYLORDA» телеарнасының «Жаңа күн» бағдарламасындағы әңгіме өзегі болды. Хабарға арнайы шақырылған төтенше жағдайларды жою бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры Ә.Марданов тікелей эфирде қазір дария арнасында қалыптасқан мол суды қауіпсіз өткізу мен азаматтық қорғау қызметтерінің қысқы кезеңге дайындығы туралы сұхбат берді. Ал өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Р.Малдыбаев 2017-2018 жылдардағы жылу беру маусымы кезеңінде өрт қауіпсіздігі, көмір қышқыл газымен уланудың алдын алу жолдарын баяндады.
Төтенше жағдайлар департаментің қызметкерлері адам өмірі мен денсаулығын, меншікті және қоршаған ортаны өрттен қорғау бағытында өрт қауіпсіздік шараларын ұдайы өткізіп келеді. Оның ішінде тұрғын үйлердегі тұрмыстық жағдайдағы от жағу пешінің қауіпсіздігі және көмірқышқыл газына уланудың алдын алу бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.
Облыс бойынша әр аптаның сенбі күні «Өрт қауіпсіздігі сенбілігі» болып жарияланып, қызметкерлер жыл басынан бері 66 616 тұрғын үйді аралады, 329 102 тұрғынға түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Өрттің пайда болуының алдын алу үшін келесі өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау қажет:
Пеш жағу маусымы алдында пешті және мұржаны тексеріп, оларды жөндеп, күйеден тазалап, жарылған жерін сылап, мұржаны әктеу керек. Пештерді және мұржаны жөндеуге, салуға мамандандырылған адамдарды шақырту керек;
жылыту пештерінің алдына еденге 50-70 см қаңылтыр қағып қойыңыз;
қолдан жасалған электр қыздырғыш құрылғыларын қолданбаңыз;
төсекте шылым шекпеңіз;
үйден шығарда барлық газ және электр құрылғыларының өшірілгеніне көз жеткізіңіз;
сіріңкелер мен оттықтарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз, кішкентай балаларды қадағалаусыз қалдырмаңыз!