СТУДЕНТТЕР ЕЛОРДАҒА ЭКСКУРСИЯ ЖАСАДЫ
Еліміздің жүрегі, ару қала Астананың 20 жылдық мерейтойын жалпақ ел болып сән-салтанатымен атап өттік. Осы орайда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қолдауымен іргелі оқу орнының озық ойлы жастары мерейлі жасқа толған Елордамызға сапарлап барды. Осылайша, оқуда озат, өнерде дара, қоғамда белсенді және спорт саласында түрлі жетістікке жеткен студенттер экскурсия барысында ертегідегідей жауһар қаланың көрікті жерлерін аралады. Есте қалар ғажайып сапар шілде айының 12-15 күндері аралағын қамтыды.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған танымдық саяхатта білім алушылар еліміздің бас ордасындағы көрікті жерлерге тұрақтады. Астана қаласының символына айналған "Бәйтерек" монументінен бастау алған экскурсия «Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде" жалғасты. Ұлттық музейде студенттер қола дәуірі мен бүгінгі Елордаға дейінгі тарихпен жете танысты.
Экскурсия жетекшісі, байырғы университеттің Студенттер Кәсіподақ комитетінің төрағасы Шәкизат Қаратайұлы сапардан алған әсерін былайша өрнектеді:
– Бұл есте қаларлық тамаша сапар болды. Мереке құшағындағы елордамыздың жетістіктерін көзбен көріп, керемет орындарды тамашаладық Танымдық сапардың негізгі мақсаты – университетіміздің ағымдағы жылғы жоспары шеңберінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Астана қаласына экскурсия ұйымдастыру болатын. Біз мұны орындадық. Жедел дамып келе жатқан Елордамыздың көрікті жерлерді тамашалап қана қоймай, ел тарихымен терең танысуды да негізгі бағыт етіп алдық» , - дейді ол.