ЖАҢА ЖӘДІГЕРЛЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ашылып, халыққа қызмет жасай бастаған Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлік қоры елжанды азаматтардың қамқорлығымен толығып келеді.
Мұндай игілікті іске аудан әкімі Ә.Оразбекұлының музейге деген ерекше жанашырлығын танытып, музей қорын толықтыруға үнемі қолдау көрсетіп келе жатқанын айта кеткіміз келеді.
Сонымен қатар, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», жерлесіміз археолог, ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов өзінің кіндік қаны тамған туған жері – Шиелі ауданына арнайы келіп, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ашылу сәтімен құттықтап, өлкеміздің тарихын зерттеуде маңызды тарихи құндылық болып табылатын археологиялық жәдігерлер мен қолжазба кітаптарды сыйға табыстаған болатын.
Археолог ғалым М.Елеуов ұзақ жылдар бойы Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 200-ден аса әртүрлі тарихи кезеңдерден сақталған археологиялық ескерткіштерді ашып, оларды ғылыми айналымға енгізген, Қазақстан археологиясында өзіндік орны бар ғалым.
Ғалымның музей қорына өткізген эскпонаттарының арасында Сыр бойының орта ағысындағы ортағасырлық қалаларда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған керамикалық ыдыстар (хумдар, тегенелер, құты көзелер, әртүрлі көлемдегі құмыралар, кеселер), қаптырама қыштар, тас диірмендер, шырағдандар т.б. археологиялық жәдігерлер мен өзінің жеке кітапханасынан алынған Қазақстан территориясындағы түрлі тарихи кезеңдерден сақталған археологиялық ескерткіштер мен қазақ халқының этнографиясы жайлы құнды деректер болып табылатын 280-нен аса кітаптар бар.
Олардың арасында өз кeзіндe қыпшақтaрдың, Aқ Ордaның, oдaн cоң Қaзaқ xaндығының aстaнаcы болғaн ортағасырлық Cығанaқ қаласынан алынған жәдігерлердің орны ерекше.
Қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер жас ұрпаққа өлкеміздің тарихын көрсетуде музей қорын түрлендіре түсті. Осындай құнды археологиялық жәдігерлер¬мен музей қорын толықтыруға өзінің үлкен үлесін қосып, сыйға бергені үшін Мадияр Елеуовтың өлке тарихына қосып отырған үлесі шексіз деп білеміз.
Д.ЖАҚАЕВ,
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану
музейінің қор сақтаушысы