Қызылордада жаңа балабақша пайдалануға берілді
Тәуелсіздік күні қарсаңында Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде 140 орындық жаңа "Нұр Орда" балабақшасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заманауи үлгідегі балабақшаның жалпы ауданы 7 мың 500 шаршы метрді құрайды және бүлдіршіндердің мектепке дейінгі тәрбиемен толыққанды қамтылуына барлық жағдай жасалған.
Құны 534,7 млн. теңгені құрайтын балабақша құрылысын "ИнтегроСтрой" ЖШС мерзімінде және өте сапалы орындаған.
Жаңа ғимараттың ашылу рәсіміне аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев пен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы қатысып, балабақша ұжымына символикалық кілтті салтанатты түрде табыстады.
Бүгінде, Қызылорда қаласы мектепке дейінгі тәрбие беру саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, қаладағы 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті.
Жалпы, қала бойынша 237 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары болса, оның ішінде мемлекеттік балабақша саны - 26, мектеп жанынан ашылған шағын орталық - 6 (1-жеке), жеке балабақша саны – 205-ті құрап отыр.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласы бойынша 237 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары «Электронды балабақша» автоматтандырылған жүйесіне енгізілген.
Бұл - білім сапасын, бала тәрбиесін жақсартуға мемлекеттің көрсетіп отырған қамқорлығының нақты нәтижесі.