Қазалыда келіндер сайысы өтті
Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданындағы Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Жайлаудағы ауыл келіні» атты келіндер сайысы өтті.
Байқауға Ақтан батыр, Жалаңтөс батыр, Ақсуат, Қ.Пірімов, Кәукей, Тасарық ауылының келіндері қатысып, төрт кезең бойынша сынға түсті.
Ашық аспан астында күбі пісу, нан жабу, диірмен тарту және қамыр жаю бойынша сынға түскен келіндердің жұмысына актриса, әжелер ансамблінің мүшесі Ұлжан Ахметова, әжелер ансамблінің мүшесі Майра Қазыбекова және ҚР мәдениет саласының үздігі Галя Оспановалар лайықты бағасын беріп, үздіктерді анықтады.
Қазылар алқасының шешімімен Тасарық ауылының келіні Индира Бозанова келіндер байқауының жеңімпазы болып танылды. Жүлделі екінші, үшінші орындарды Жалаңтөс батыр ауылының келіні Жадыра Шүкірбаева мен Ақтан батыр ауылының келіні Эльмира Құрмандар өзара бөлісті. Ал, Ақсуат ауылының келіні Бақыткүл Сүлейменова, Қ.Пірімов ауылының келіні Мейрамкүл Қабылбаева, Кәукей ауылының келіні Балдәурен Ізтілеуова арнайы номинациялармен марапатталып, сыйлықтар табыс етілді.